Бүгін еліміз Еңбек күнін атап өтіп жатыр

Қымбат Елтайқызы

Атаулы күн қыркүйектің соңғы жексенбісіне бекітілген

фото: Halyq Uni

Бүгін Қазақстан Еңбек күнін атап өтіп жатыр. Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Қыркүйектің соңғы жексенбісі – қазақстандықтар үшін ерекше күн. Біз бүгін өз еңбегімен еліміздің дамуына зор үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетеміз. Еңбек күні – жай ғана мереке емес, отаншылдық пен адалдықтың, еңбекқорлықтың символы. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, олардың ел үшін маңызын атап өтті. Сондай-ақ адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы екенін сөз етті. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Біздің қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік сияқты қасиеттер әрқашан бірінші орында тұруға тиіс. Себебі өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парағында.

Еңбек – қоғамның әл-ауқатының негізі. Біздің ел зауыттар мен фермалардағы, шахталар мен мектептердегі жұмысшылардың, дәрігерлердің, инженерлердің, құрылысшылардың және басқалардың еңбегі арқасында дамып келеді. Әрбір еңбек адамы Қазақстанды қуатты ете түседі. Сондықтан әр адамның еңбегіне құрметпен қарауға тиіспіз. Біз бүгін өз білімі мен шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан еңбекқор әулеттерді ұлықтаймыз. Бұл отбасылар еліміздің тірі тарихы, олардың әрбірі өз ісіне деген сүйіспеншілік арқылы бүкіл ұрпақты біріктіріп, үлгі болып отыр, – деп қосты ведомство басшысы.

Министр бір салада еңбегін сіңіріп жүрген бірнеше отбасын мысалға келтірді. Балаеваның айтуынша, бұл мысалдар – әр адал әрі еңбекқор адам елдің әл-ауқатының негізі екенінің жарқын көрінісі. Осы және басқа да көптеген отбасы еңбек тек жұмыс емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата кәсіп екенін де көрсетеді. Олардың еңбегі – Қазақстанның экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуының негізі.

«Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы еліміздің болашағын өз еңбегімен қалап жатқан жандарды тану және қолдау жолындағы маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ мемлекетті кім күшті ететіні туралы ойлануға мүмкіндік береді. Әрине олар – зауытта, далада, мектепте немесе ауруханада болсын, күнделікті адал жұмыс істейтін қарапайым жандар. Еңбекқорлық – жеке адамның табысқа жету жолы ғана емес, қоғамның өркендеу кепілі. Тек адал, қажырлы еңбек арқылы біз өзіміз бен балаларымыз үшін жарқын болашақ құра аламыз», – деп түйіндеді ол.