Зиянды заттармен байланысты тағы бір қылмыс анықталды
Тәртіп сақшылары ірі көлемде есірткі жеткізетін арнаны жойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, сақшылар жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Ақмола облысының аумағына ірі көлемде есірткі жеткізушінің ісіне тосқауыл қойылды.
Ақмолалық жедел уәкілдер елордада ұстау кезінде заңсыз айналымнан 34 келіге жуық марихуана тәркіледі. Бұл — қара нарықтағы құны 34 млн теңгені құрайтын 7 мыңға жуық дозаға тең. Сонымен қатар құны 5 млн теңге болатын 500-ден астам дозаға тең 2 келіден астам гашиш табылды, – делінген ақпаратта.
54 жастағы ер адам есірткіні өзінің үйінде ғана емес, жалға алынған жертөледе де сақтаған. Мұнда полицейлер есірткі заттарын орауға арналған құрылғыларды тәркіледі.
Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.