Алматыда митингке шығып, жолды жапқандардың әрекеті адам өлімімен аяқталды
Олардың мұндай қадамға баруына аулаларындағы көлік қоятын орынның жоқтығы себеп болған
Короленко көшесіндегі нөмірі 8-нші үйдің тұрғындары наразылықтарын білдіру үшін Гагарин даңғылына шығып, көлік қозғалысын бөгеген. Наразы топпен көлік жүргізушілері арасында жанжал шығып, бір ер адам қаза тапты.
Оқиғаға куә болған қала тұрғындарының бірі сол сәтті видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялапты. Онда жазылған ақпаратқа сай, Короленко көшесінде көрші тұрған екі үйдің тұрғындары арасындағы дау біраз уақыттан бері жалғасып келеді екен. Көпшілік паркингті бөлісе алмай жүрген көрінеді. Жаңадан тұрғызылған Terra тұрғын-жай кешенінің кесірінен ортақ ауланың аумағы тарылып, қиындықтар туындаған көрінеді.
Шағымын айтып, жиналып шыққан тұрғындар Гагарин көшесіндегі көліктердің жолын бөгеп тастапты. Артынша наразы топ пен жүргізушілер жаға ұстасып, төбелескен. Тұрғындардың бірінен қатты соққы алған көлік иелерінің бірі жерге баспен құлапты. Зардап шеккен азамат алған жарақатының салдарынан қайтыс болып кеткен екен.
Күдікті ұсталды, деп хабарлады полиция. Ол 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.