Бишімбаевтың бұрынғы әйелі сотқа тағы да жүгініп отыр

Халық үні

Өкінішке қарай, мен қазір бәрін ашуға мәжбүрмін, - дейді ол

фото: видеодан скриншот

Назым Қаһарман бұрынғы күйеуі Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айырғысы келеді. Бұл туралы ол Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айтуынша, ол Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру үшін сотқа арызданған. Сот оны қабылдамаған. Себебі Салтанат Нүкенова Бишімбаевтың заңды әйелі емес, яғни ол өзінің туысын немесе отбасы мүшесін өлтірген болып саналмайды.

Сонымен қатар, Назым Қаһарман балаларының тегін өзгертуді қалаған, бірақ бұдан да бас тартылған.

Өкінішке қарай, мен қазір бәрін ашуға мәжбүрмін. Өйткені көмек сұрағым келеді. Менің ойымша, бұл әділетсіз болды. Мұнда қоғамға, Бас прокуратураға және Жоғарғы сотқа жүгініп тұрмын, - дейді Назым Каһарман.

Еске сала кетсек, экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған болатын. Назым Қаһарман екеуінің ортақ 3 баласы бар.