Ауғанстан Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық формасын жою туралы конвенцияны «Талибан» билікке келгенге дейін бекіткен
Гаагадағы Халықаралық сотта төрт ел «Талибан» қозғалысын гендерлік кемсітушілік бойынша жауапқа тартпақ, деп хабарлайды Halyq Uni.
Канада, Аустралия, Германия және Нидерланды қазір Ауғанстанды басқарып отырған «Талибан» қозғалысына қарсы Халықаралық сотқа шағым түсірді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысында елдер өкілдері шешімді ресми түрде жариялады.
The Guardian басылымының мәліметінше, елдердің басқа елді гендерлік кемсітушілік үшін сотқа тарту ісі Халықаралық сотта бірінші рет жүргізіліп отыр. Іс 1979 жылы Бас Ассамблея қабылдаған және 1981 жылы күшіне енген Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық формасын жою туралы конвенцияға сәйкес қаралады. Ауғанстанның бұл конвенцияны 2003 жылы «Талибан» билікке келгенге дейін бекіткені белігілі болды.
Журналистер түсіндіргендей, Ауғанстанда Халықаралық сот тыңдауы өтіп, уақытша шараларды ұсынғанға дейін жауап беруі үшін 6 ай уақыт бар.
«Талибан» БҰҰ сотының шешімін мойындаудан бас тартса да бұл «Талибанмен» дипломатиялық қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге тырысатын басқа мемлекеттерге тежеуші әсер береді. Халықаралық соттың құзыретін мойындайтын елдер оның шешімдерін орындайды деп болжанып отыр, - деді сарапшылар.
Сот процесіне қатысқан елдер Ауғанстандағы әйелдерге қатысты кемсітушілікті тоқтату үшін «Талибанмен» келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты.