Ұрлықтан кейін ақша долларға айырбасталған
Алматыда полиция 23 млн теңге ұрлаған мопед жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрлық Жетісу ауданында болған. Полицияға кабельді сатумен айналысатын компанияның өкілі арызданған.
Оның көлігінен 23 миллион теңге салынған сөмке жоғалып кеткен. Ер адам көлігін аз уақытқа тұраққа қойған. Қайта оралғанда көлік әйнегінің сынғанын, сөмкенің жоғалғанын көрген, - деді Жетісу ауданы полиция басқармасының басшысы Жәнібек Шынасылов.
Қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
Бейнебақылау камеларының көмегімен жәбірленушіні бөтен адамның аңдығаны анықталды. Күдікті біреудің айтуымен әрекет еткен болуы мүмкін. Қылмыстық іс тергеліп жатыр, - деді басшы.
Тергеу барысында қомақты ақшаны мопед жүргізушісі ұрлағаны анықталды. Жедел уәкілдер күдіктіні тез ұстады.
Ұрлық жасалған күннің ертеңінде күдікті әйелімен бірге ұрланған купюны долларға айырбастаған. Бұл дерек бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, – деді Жәнібек Шынасылов.