Алдағы жексенбі – Еңбек күні
Еңбек күніне орай елордада еңбек үздіктері марапатталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Елімізде Еңбек күні жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Осыған орай, «Жастар» сарайында еңбек ардагерлері мен озаттарына құрмет көрсетуге арналған мерекелік іс-шара өтті, деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.
Салтанатты шараға Астана әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов қатысып, тәжірибелі еңбек майталмандары мен өндіріс озаттарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
Еңбек күні – еліміздің тұрақты дамуына үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтайтын мереке. Әр салада кәсіби біліктілік танытып, адалдықтың шынайы көрінісін көрсетіп жүрген жандар бар. Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, қоғамның дамуына күш салып жүрген барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Осы бастама жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттырып, елімізде еңбек адамының беделін көтеруге үлкен серпін беретініне сенімдімін. Қоғамның барлық саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға тек сәттілік тілеймін», – деді Мейірханов.
Әрі қарай қызметін мінсіз орындап, өз саласының кәсіби маманы атанған қызметкерлер марапатталды. Оның ішінде мәдениет саласында 40 жылға жуық еңбек етіп жүрген «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» директорының орынбасары Самат Тергембаев та бар.
«Бүгінгі шарада елге еңбек етіп, жастарға үлгі болып жүрген азаматтар шақырылып, марапатталып жатыр. Әрине, еңбек еленген әрқашанда жақсы. Мен өзім мәдениет саласында мектеп бітіргеннен бері еңбек етіп келемін. Алғашқы еңбек жолым Шығыс Қазақстан облысы Зайсан өңіріндегі Мәдениет үйінен басталған. Кейін Алматыда оқу бітіріп, сонда жұмыс істедім. Осылай, елордаға да келдім. Жаңадан құрылып жатқан мекемелердің жұмысын жолға қойып, әлі де халыққа руханият жағынан еңбек етіп келе жатырмын. Отбасымда да балаларымның барлығы болмаса да, мәдениет саласында еңбек етіп жүргендері бар», – деді Тергембаев.
Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.