Әкім аппараты 4,4 млн теңгеге тендер жариялады
Қарағанды облысы Шахан кентінің әкімдігі қазандағы Республика күні мен желтоқсандағы Тәуелсіздік күніне қарамастан, Жаңа жылға дайындықты қыркүйектен бастап кеткен, деп хабарлайды Halyq Uni Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Нақты айтқанда, кент әкімінің аппараты мемлекеттік сатып алу сайтына тендер жариялап, Жаңа жылға қыркүйектің 16-сында дайындала бастаған.
Тендердің техникалық құжаттамасына сүйенсек, әкімдік өзі ұсынған 4,4 млн теңгеге биіктігі 8 метр шырша, «2025 жыл» деген жазу, мұздан биіктігі кемі 3 метр болатын Аяз Ата мен Ақшақардың мүсінін жасатқысы келген. Сондай-ақ жалт-жұлт еткен шамдар мен гирляндалар сатып алу көзделген.
Конкурсқа бас-аяғы 11 компания қатысып, ең аз баға ұсынған «QazStroy 2024» ЖШС жеңімпаз атанған. Лот 23 қыркүйекте жабылды.
Айта кетсек, Шахан кенті – Қарағанды облысындағы ең ескі елді мекендердің бірі. Қарағанды қаласынан 35 шақырым, Шахтинскіден 12 шақырым жерде орналасқан. Соңғы статистика бойынша, бұл кентте 9 мыңға жуық халық тұрады. Әкімі – Ғалым Өмірбеков.
2017 жылы, яғни осыдан 7 жылға жуық уақыт бұрын дәл осы Жаңа жыл түнінде Шахан кентіндегі тұрғын үйлердің біріндегі қазандық жарылып, 9 адам мерт болған еді.