Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Түркістандық тұрғын қайтарымсыз грант аламын деп алаяққа алданып қалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен жергілікті әйелді қолға түсірді. Әйел жәбірленушіге кәсіп ашуға арналған жоспар жазып, мемлекеттен қайтарымсыз несие алып беремін деп сендірген.
Танысының сөзіне сенген тұрғын, оған бір жарым миллион теңге берген. Алайда ақшаны алған күдікті байланыстан қашқан, хабарласқанымен түрлі сылтаулар айтып, уақытты созған, – делінген полиция хабарламасында.
Тәртіп сақшылары жұмыссыз тұрғынның осыған ұқсас тағы бір фактісін анықтады. Жәбірленушілерден алған 2 миллион теңгені өз қалауына жаратып жіберген. Қазір әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.