Қаулы жобасы 8 қазанға дейін ашық талқылауда болады
Жедел жәрдем бригадалары енді төртінші санаттағы шақыртуларға тәулік бойы қызмет көрсетуді тоқтатуы мүмкін. Бұл санатқа азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін аурулардың өршуі жатады. Денсаулық сақтау министрлігінің қаулы жобасында осылай жазылған, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Ашық НҚА» порталында 24 қыркүйекте жарияланған құжат жобасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі төртінші санаттағы шақыруларға жұмыс күндері сағат 8:00-ден 18:00 аралығында барады. Ал сенбіде таңғы 8:00-ден 12:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Төртінші санатқа жіті немесе созылмалы аурудың асқынуынан туындаған пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдай жатады.
Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі тариф жедел медициналық көмек бөлімшесінің барлық шығынын жаппайтынын мәлімдеді.
Қаржыландыру жеткіліксіз болғандықтан тәулік бойы жұмыс істейтін бригадаларды ұстау тиімсіз, бұл кредиторлық берешектің пайда болуына әкеледі, - делінген құжат түсіндірмесінде.
Жедел жәрдемнің шақытуға баратын уақытына да өзгеріс енгізіледі. Осылайша төртінші санаттағы шақыртуға мамандар қоңырау түскен сәттен бастап 120 минут ішінде баруы қажет.
Қаулы жобасы 8 қазанға дейін ашық талқылауға шығарылған.