Halyq Uni логотип
×

Елімізде 1 Путин, 1 Трамп және 8 Байден тұрады: өзіңізге есіміңіз ұнай ма?

Исламда әдемі есім қою әкенің бала алдындағы ақысы саналады

 Халық үні 25.09.2024 | 08:00
Елімізде 1 Путин, 1 Трамп және 8 Байден тұрады: өзіңізге есіміңіз ұнай ма?
фото: Halyq Uni

Елімізде жаңа туған нәрестелерге саяси қайраткерлердің есімін беру сәнге айналған. Қазір 12 Қасым-Жомарт, 1 Путин, 1 Трамп және 8 Байден тұрады. Тіпті, азан шақырып қойған атты өсе келе ауыстыра салу да мәселе емес. Осылайша, жыл сайын 10 мыңға жуық адам аты-жөніне өзгеріс енгізеді екен, деп хабарлайды Halyq Uni «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Перзенттеріне сүйікті сериалындағы кейіпкерлердің есімін беріп жатқандар да аз емес. Бірін Хюррем атаса, екіншісін Дейенерис деп жатады. Ал ол бала ер жетіп, ес білген соң есіміне разы бола ма, жоқ па, кейбір ата-ананы бұл қызықтырмайтын тәрізді. Елорда тұрғыны Бегім Досжанға анасы одан кейін ұл тусын деген ырыммен Ұлжалғас деген есім берген. Айналасындағылар «Ұлжан» деп атаған. Алайда үйдегі 5 қыздың кенжесі бұл есімнің өміріне жағымсыз әсер еткенін айтады. Сөйтіп былтыр 30-дан асқан шағында қайта азан шақырып, Бегім деген есімге ие болған.

Қызым туғаннан кейін оған өзім сияқты мықты, ер кісілерге де дес беретін, ер кісілердің қолынан келмейтін де нәрселерді істеп кететін қасиеттерімнің берілгенін қаламадым. Себебі әйел адам табиғатымен, жаратылысымен өте нәзік, сүйкімді, мейірімді болуы керек. Ондай қасиетті өзім де дамытып жүрдім және түбегейлі осы мінезіме әсер еткен есімді де өзгертуге шешім қабылдадым, - дейді Бегім Досжан.

Есіміне көңілі толмай жүргендер заң жүзінде өзі қалаған есімді таңдап алуға құқылы. Елімізде жылына 10 мыңға жуық адам аты-жөніне өзгеріс енгізеді екен.

10 жасқа дейінгі баланың аты-жөнін өзгерту ата-анасының өтініш жазуы негізінде іске асады. Ал 10 жастан асқаннан кейін баланың келісімі сұралады. 16 жастан кейін бала өз еркімен өтініш жазу арқылы аты-жөніне өзгерістер енгізе алады. Бірақ бұл дегеніміз – адамның аты өзгерсе, ЖСН өзгеріп кетеді дегенді білдірмейді. Тек аты-жөні өзгереді, - дейді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Ислам дінінде де есім ауыстыруға тыйым салынбаған. Бұл мәселеге зор мән беріледі. Тіпті, дүниеге келгенде әдемі есім қою әкенің бала алдындағы ақысы саналады.

Егер есімі ұнамай, жүйкесіне кері әсер етіп жатса, басқалары күліп, мазақтайтындай жаман есімдердің бірі болса, дініміз соны ауыстыруға рұқсат береді. Ал адамның есімі сол тұрғылықты елдің дәстүріне сай, ешқандай бір теріс ұғымы жоқ, әдемі есімдердің бірі болса, онда есімді ауыстыруды дініміз құптамайды. Өйткені әке-шешесі оны жақсы ниетпен қойды, - дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.

Халық арасында адамның есімі тағдырына әсер етіп жатады деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан әуел бастан сәбиге құлаққа жағымды, есті есімдер қойылса игі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама