Ал әлемде жатыр мойны обырынан жылына 300 мыңға жуық әйел қайтыс болады
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойыны обырының 2 100-ге жуық жағдайы тіркеліп, 600-ге жуық әйел осы дерттен көз жұмады екен, деп хабарлайды Halyq Uni.
Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарованың айтуынша, Қазақстанда әйелдер арасында бірінші орынды сүт безі обыры қамтиды, екінші орында – жатыр мойны обыры. Екі күн сайын еліміздегі 3 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Осыған байланысты қыркүйек айында Қазақстанда 11-13 жас аралығындағы қыздарға адам папилломавирусы вирусына (АПВ) қарсы тегін вакциналау науқаны басталды.
2024 жылдың 8 айында Қазақстанда жатыр мойны обырынан 305 әйел қайтыс болды. Өкінішке қарай, жағдайлардың 15%-ы кеш сатысында анықталды. Ауру көп жағдайда белгі бермей, іштей дамып жатады, - деді Диляра Қайдарова.
Қазақ онкология және радиология ғылыми институтының зерттеу нәтижелері бойынша жатыр мойны обырының 74,2% жағдайында биопсиялық материалда адам папилломасы вирусының (АПВ) 16 және 18 онкогендік типтері анықталды. Ол АПВ-ға қарсы вакцинациялау жүргізу жатыр мойны обырының жиілігін 2 немесе одан да көп есе төмендетуі мүмкін екенін көрсетеді.
ҚазОРҒЗИ деректері бойынша жатыр мойны обырының 99%-ы, вульва және қынап обырының 75%-ы, аногениталии сүйелдердің 90%-ы – АПВ инфекциясына байланысты.
АПВ – әлемдегі ең көп таралған вирустардың бірі. 50 жасқа дейінгі әйелдердің 80%-ы өмір бойы АПВ жұқтырады. Инфекция кез келген жаста болуы мүмкін, бірақ оның шегі – 25 жасқа дейін. Вирустың созылмалы тұрақтылығы жатыр мойны обыры мен обыралдының дамуына әкеледі. 11-13 жаста қыздарға вакцинациялау бағдарламасын енгізу АПВ-ны жұқтырудың алдын алады.
Мысалы, Шотландияда АПВ-дан вакцинациялауды енгізер алдында 20 жастағы қыздарға жаппай скрининг жүргізілген. Олардың 30%-ы адам паппиомасы вирусының 16 және 18 онкогендік типтерін жұқтырған. АПВ-ға қарсы вакцинациялауды енгізгеннен кейін 7 жыл өткен соң, қыздардың келесі буынының арасында АПВ-ның таралуы 4,5%-ға дейін қысқарды.
Әлемде жыл сайын жатыр мойны обырынан 300 мыңға жуық әйел қайтыс болады. сондықтан АПВ вакцинациясының ұлттық бағдарламасы 135 елде иммундау күнтізбелеріне енгізілген. ТМД елдерінде АПВ вакцинациялау бағдарламасы Армения, Грузия, Молдова, Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстанда енгізілді.