Сол күні оқиға орнында болған жасөспірім қатарласының қалай көз жұмғанын баяндап берді
Қызылорда облысының Кеңес ауылында ер адам 15 жастағы жасөспірімді ұрып өлтірді деген күдікке ілінді. Қазір ол тергеліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Президентке хат» Telegram-арнасында жасөспірімнің ауылдастарымен болған сұхбат жарияланды.
Ұлымды Айбек есімді жігіт ұрған. 5 рет ұрған деп естідік. Одан кейін марқұм болған Абдулазиз деген баланы ұрған. Басқа ештеңе білмейміз, – дейді жәбірленуші балалардың бірінің анасы.
Тұрғындардың айтуынша, жасөспірімдерді үлкендер аптасына екі рет жинап, оларға «салық салатын» болған.
Ол кезде «система» бар еді, қазір жоқ. Балаларды жинап, «үлкенге сыйластық» деген сияқты нәрселерді айтады. Үлкендер шақырғанда қасына жүгіріп бару, отырғанда отырып, ол тұрғанда бірге тұру керек. Күшігі боласың ғой, – дейді жасөспірім.
Сол күні оқиға орнында болған жасөспірім қатарласының қалай көз жұмғанын баяндап берді.
Ол шыға алмайтын. Әпкесі мен әжесі бар еді. Сол күні папасы мен біреу келіп, шықпай қалды. Сол кезде Айбек «Неге шықпадың?» деп сұрады. Біз сол күні түнгі 22:30-да қайтып кеттік. Айбек басқа баланы ұрып жатты, ал жанында Абдулазиз қарап тұрған, сол кезде «Сен кино көріп тұрсың ба?» деп оны бір ұрды. Содан кетіп қалды, – дейді жасөспірім.
Облыстық полиция департаменті жасөспірімнің өлімі туралы ақпаратты растады. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылдың 22 маусымында Жаңақорған аудандық полиция бөлімі қылмыстық істі тіркеген. Қазір жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оның нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес, қылмыстық іс жүргізу барысы жария етілмейтінін хабарлаймыз, - деді Қызылорда облысының ПД баспасөз қызметі.