Маусымына 30 мың теңге тұратын жолдама неге тәулігіне 150 мыңға өскені белгісіз
Қарағанды облысы Кертінді ауылының тұрғындары жылдағы дағдыланған аңшылық дәстүрінен айрылғанын айтып, Halyq Uni редакциясына шағымданды. Айтуларына қарағанда, осы уақытқа дейін ауыл маңындағы Тассуат және Құлтансор деген көлдерде көп жылдан бері құс атып келген. Онысы үшін аталған аумақтарды қадағалайтын «Тассуат» пен «Қаратомар» аңшылық шаруашылықтарына 30 мың теңге төлеп, аңшылық маусымына жолдама алып отырған. Тек бірер жылдан бері бері жаңа қожайын пайда болып, аңшылық тарифін ақылға қонбайтын шамада күрт өсіріп жіберген.
Аталған екі аңшылық шаруашылығына иелік ететін «Понти плюс» ЖШС маусымдық аңшылықты алып тастап, жаңа баға қойып, тарифті күніне 150 мың теңгеге көтерген.
Ол кісілерге наразылығымызды білдіріп, барып кездесіп, «басқа жақтан келген жоқпыз, мұндай жағдайда балама жолы болу керек» деп түсіндіріп айттық. Бағаны көтеруге не себеп болғанын және бұл ақшаға не істейтіндерін сұрадық. Бірақ жауап бере алмады. Бұл араның жер аумағының басым бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатымен Кертінді ауылының аумағына кіріп тұр. Бізді сол аумаққа кіргізбей, бастықтарына жабық клуб сияқты жасасығы келді. Басқаша түсініктеме жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Бексұлтан Ермек.
Оның айтуынша, егер адам басына күніне алатын 150 мың теңгенің есебінен құстарға арналған арнайы аймақ жасалып жатса, оған түсіністікпен қарауға болар еді. Бірақ ондай тіршілік байқалмайды. Оның орнына өздерінің басшылары және шақырумен келген қонақтары келіп ататынын ауылда жүріп көріп отырғандарын айтады.
фото: baigenews.kz/Казбек Досполов
Ақырында удай қымбат бағаның кесірінен ауылдағы шамамен 120 үйден шығатын 40-50 аңшы жылдағы сүйікті саятшылығынан айрылып отыр.
Бір айта кетерлігі, ауыл тұрғындары сол төңіректе жылда арпа-бидай, сұлы егетіндіктен бұл бір жағынан құсқа азық, көктемге осы жерге сол үшін ұшып келеді. Жылы маусымда осында балапандап, қыста ұшып кетеді, яғни, жемін ауыл тұрғындары беріп отыр.
Қыркүйектен бастап құс ұшып кеткенше аңшылық жасайтынбыз. Құс негізінен Ресей жақтан келеді. Ішінде қаз-үйректің бірнеше түрі бар. Көлдің жанында тыйым салынған аумақ болады. Ол жерде құс қоректенеді. Біз оған жақындамаймыз, үркітпейміз. Оның үстіне, сейсенбі және сәрсенбі күндері аңшылықта демалыс күндері саналады. Оны да сақтаймыз, – дейді Бексұлтан Ермек.
Мәселенің мәйегі көлдің 2021 жылы жекеменшік компанияға 49 жылға жалға берілуінде болып тұр. Содан бері компания лайық деп тапқан бағасын қойып келеді. Ол баға негізі қорықшылардың жалақысы, жабдығы мен қарамағындағы табиғи аумақты күзету шығындарын есептеп барып шығарлуы керек. Бірақ неше жылдан бері маусымына 30 мың теңге болып келген тарифтің аяқасты тәулігіне 5 есе қымбаттап кеткені ақылға қонбайды. Себебін сұрағанымызбен, компания өкілдері сұрағымызға жауап беруге мүлде құлықсыз.
Осы жағдайға байланысты Нұра ауданы әкімдігі мен ауыл тұрғындары компания өкілін шақырып, бірнеше рет жиын да өткізіп, лайықты баға қоюын сұрады. Бірақ оның да компанияға еш ықпалы болмай тұр, әзірге тарифті өзгерту жайында жақ ашпайды. Түпкілікті нәтиже болмаса, тұрғындар тарифтің заңдылығын тексеруді сұрап, құзырлы органдарға шағымданатынын айтып отыр