Қуандық Бишімбаев түрмеде немен айналысып жүр?

Айгерім Таубай

Экс-министр жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеп жатыр

Фото: Halyq Uni

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеде әлі жұмысқа орналаспаған. Ақпаратты ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бишімбаевтың жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеп жатқаны белгілі. Алайда бос жұмыс орнының болмауына байланысты ол әлі жұмысқа кіріспеген.

Бос жұмыс орны жоқ, – деп жауап берді комитеттің баспасөз қызметі.

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болған. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. 

Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.

13 мамырда Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды.