Шыңғыс Әрінов ұшқыштар ауа райы қолайсыз кезде ұшуға үйренетінін айтты
Қазақстандағы су тасқынынан кейін ұшқыштар қолайсыз ауа райында ұшып үйренеді. Бұл туралы төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бірінші, құтқарушылардың арнайы киім-кешекпен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қайта қаралып жатыр. Сатып алынатын киім сапалы және тапсырмаларды орындауға ыңғайлы, қимыл-қозғалысқа қолайлы болады.
Екіншіден, сапалы арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алынады. Біз ұшқыштарды түнде және қолайсыз ауа райы жағдайында ұшуға оқытып үйретуді жоспарлап отырмыз, - деді Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында.
Үшіншіден, күштер мен құралдарды төтенше жағдайларды жоюға жедел үйлестіру үшін министрліктің команда орталығы жаңғыртылып, заманауи құралдармен жабдықталған.
«Қазір назардан тыс қалып, қолайлы жағдай жасалмаған құтқару бөлімшелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты жаңа тәсілге бой бұрып, өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар бір жерге орналасқан бірегей өрт сөндіру депосы құрылып жатыр. Бұл шұғыл әрекет етуді арттыруға және азаматтарды дер кезінде құтқаруға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.
Төртінші, президенттің тапсырмасымен министрліктің қарамағында төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылған. Енді халықты төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шаралардың орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қабылданады.
Бесінші, су тасқынынан зардап шеккен шығынның көлемін ескеріп, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүлікті төтенше жағдайлардан сақтандыру механизмі пысықталып жатыр.
Алтыншы, өңірлерде қорғаныш бөгеттері мен дуалдарын тұрғызу және оларды нығайту сияқты алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, өзендердің қауіпті учаскелерінде су түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары іске асырылып жатыр, - деді министр.