ҚХА-да этносаралық қарым-қатынас мәселесі қарастырылды
Қазақстан халқы Ассамблеясының Журналистер клубында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жиын Қостанайда Мәдениет және ақпарат министрлігінің, өңір әкімдігінің және «Қоғамдық келісім» РММ қолдауымен өтті.
Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің айтуынша, этносаралық бірлік пен келісім – мемлекетіміздің дамуындағы ең маңызды құндылық. Ол БАҚ пен қарапайым қазақстандықтар этносаралық мәселелерде заңнамалық талаптарды сақтауға қатысты жауапкершілікті сезіну керектігіне назар аударды. Сонымен бірге соңғы уақытта әлеуметтік желіде белең алған өшпенділіктің алдын алуға да тоқталды. Сондай-ақ, ол ҚХА-ның этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіруші негізгі институттардың бірі екендігін еске салды.
ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттың шынайылығы мен маңыздылығын, медиа саласындағы ақпарат алмасып, тиімді орта құру мақсатында ұйым кездесулерін өткізудің қаншалықты маңызды екендігіне назар аударды. Ол қазақстандық журналистер ақпарат кеңістігінде Қазақстан халық ассамблеясы этностармен және солар үшін ғана қызмет етеді деген көзқарастың таралуына тосқауыл болу қажеттігіне тоқталды.
«Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасының жетекшісі Геннадий Шиповских өз кезегінде аталмыш жобаның маңыздылығын атап өтіп, түрлі этностар арасында мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру, қазақстандық жастардың тілді үйренуге, оны пайдалануға деген ырық-жігерін арттыру арқылы қазақ тілін насихаттаудың маңыздылығына назар аударды.
Бұған қоса кездесу барысында PaperLab орталығының директоры Серік Бейсембаев ақпарат айдынында этносаралық қарым-қатынастарға қатысты даулы мәселелердің алдын алуға бағытталған 10 ережені таныстырды.
Ал Factcheck.kz-тің бас редакторы Думан Смақов болса, бұқаралық ақпарат құралдарында этносаралық қарым-қатынасқа қатысты ақпаратты жариялау әрі этносаралық шиеленістер барысында фото және бейнематериалдарды тексеруден өткізу әдістерімен байланысты ұсыныстарға назар аударды.