Halyq Uni логотип
×

«Демалыста жүріп қаулы шығарған»: Қарқаралы тұрғыны полицияның әрекетіне шағымданды

«Ұрлықшыны» ұстаған полицияның тергеуінде шикілік көп

 Ербол Тұрымбет 24.09.2024 | 09:17
«Демалыста жүріп қаулы шығарған»: Қарқаралы тұрғыны полицияның әрекетіне шағымданды
Коллаж: Halyq Uni

Қарағанды облысында мал ұрлығы бойынша сотталған азаматтың жұбайы әділетсіздікке тап болғанын айтып, редакциямызға шағымданды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның сөзінше, күйеуі ауылда бірге мал өсіріп, Үкіметтен субсидия алуға оқталып отырғанда малын жоғалтқан адамның арызы негізінде жазықсыз ұзақ жылға қамалып кеткен.

Бір қызығы, 5 бас сиырынан айрылған жәбірленуші адам сотталған адамнан өтемақы талап етпеген. Ал полиция тергеу барысында күдік туғызатын бірнеше жайтқа жол берген.

Мал ұрлығының өзі былтыр Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар аулында болған. Ауыл тұрғыны Нығметжан Омаров өрісте жүрген 5 бас тайыншасын ұрлаттым деп 7 қарашада полицияға шағымданады.

Сол уақытта үйінде қасапшыларды жалдап, 13 бас сиырын сойдырып, етін Қарағанды базарында сатып келген тағы бір ауыл тұрғыны Елнар Сырбаевқа полицияның көзі түседі. Сөйтіп, Сырбаевты күдікті етіп ұстап, соның ақыры 5 жарым жылға соттаумен бітеді.

Алайда, осы іс барысында күдік ұялатқан бірнеше жайтқа назар аударуға тура келеді.

Біріншіден, малынан айрылған жәбірленушіге сот ешқандай өтемақы өндірмеген, яғни, полиция «ұрлықшыны» іздеп тауып, судья түрмеге қаматқанымен, жәбірленушінің жоғалтқан 5 бас тайынша сиырына еш өтемақы алмастан неге үнсіз қалғаны түсініксіз.

Екіншіден, Қарқаралы аудандық полиция қызметкерлері тергеу жүргізу барысында күдік туғызатын бірнеше жайтқа жол берген. Мәселен, аудан полициясы бөлімі бастығының орынбасары Т. Ә. Әбішев 2023 жылы 7 қарашада мал ұрлығы дерегіне байланысты тергеу тобын құру туралы Қаулы шығарған. Бірақ ол уақытта өзі еңбек демалысында жүрген, әрі еңбек демалысынан жұмысқа шақыртылмаған.

Сөйтіп шығарылған Қаулының уақыты бастапқы 11:26-дан кейін 08:40-қа өзгертілген.

Жәбірленушінің арызы 7 қараша күнгі сағат 00:45-те тіркелген. Алайда тергеушілер осы құжат тіркелмей тұрып, 6 қарашада 19:00-20:00 шамасында тергеуді бастап кеткен.

Тергеу барысында жәбірленушінің нақты жауап берген уақыты бастапқы 08:10-08:30 аралығынан артынша 08:46-08:56 аралығына түзетілген.

Бұл түсініксіз жайттың бәрінің себебін түсіндіріп беруімізді сұрағанымызбен, аудандық полиция бөлімі өз істегендеріне өздері жауап бермей, оның бәрі Е. Сырбаевқа қатысты ашық сот отырысында толық талқыланғанын, басты сот талқылауында құқықтық баға беріліп, шешім шығарылғанын, сондықтан оның бәрін үкім шығарған соттан анықтап білуімізді сұрады.

Сондай-ақ тағы бір дерек, сотталған азамат онсыз да осындай іс бойынша шартты жаза мерзімін өтеп жүрген адам болып шықты. Жұбайы Нұргүл Сырбаеваның айтуынша, ол мерзім осы қарашада бітуі керек болған. Алайда 6 балалы отбасының отағасы осындай жолмен ұзақ жыл мерзімге қамалып кетті. Редакция жәбірленуші тарапқа хабарласып, оқиғаға қатысты пікір білдіруін сұрады. Алайда жәбірленуші сұрақтарымызға жауап бермеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама