Атырау перзентханасында жылаған сәбиді жұбатқысы келген әйел оны құлатып алды
Әйелдің жағдайы нашарлап, баланы еденге түсіріп алған
Атырау облыстық перинаталдық орталығында жылаған сәбиді жұбатқысы келген әйел оны қолынан түсіріп алды.
Қала тұрғыны Әнуар Жұмабайдың айтуынша, әйелінің сіңлісі босанған соң 2 күннен кейін босанған әйелдермен бірге рентгенге түсуге шақырылған. Палатада төрт әйел болған. Алдымен екі ананы, сосын тағы біреуін шақырған. Нәтижесінде босанғаннан кейін өз-өзіне келіп үлгермеген, өзі әрең қозғалатын бір әйел балаларға қарап қалады. Әйелінің кішкентай жиені қатты жылап, әлгі келіншек оны қолына алып, жұбатуға тырысады. Жұбата алмаған соң медбикелер мен дәрігерлерді шақыруға барады. Ешкім келмейді. Бір кезде әйелдің жағдайы нашарлап, баланы еденге түсіріп алады. Содан кейін де әйел мен балаға көмекке медбикелер емес, санитар келеді. Бұл бақылау камерасындағы кадрдан көрініп тұр.
«Біз полициямен келгенше екі сағат бойы балаға көмек көрсетілмеді, жансақтау бөліміне жатқызылмады, баланы тексермеді. Қызметкерлер ештеңе болмағандай кейіп танытты, бәрі «не болды?» деп кері сұрақ қойды. Бастапқыда баланың жағдайы жақсы деп айтты. Орталық қызметкері анасына баламен бірге КТ-ға баруға болмайды деп, тыйым салды. Біз наразылық білдіргенде, тағы бір қызметкер анасы жаңа туған нәрестемен бірге жүруі керек екенін растады. Бүгін бізге нәрестеге қан құю керек екенін, егер ол кеше реанимацияға түспегенде, одан айырылып қалуымыз мүмкін екенін айтты. Орталық басшылығы зардап шеккен баланың анасымен тілдеспейді. Бүкіл осы жағдай, қарама-қайшы ақпарат, үнсіздік босанған әйелді және бүкіл отбасын қатты алаңдатып отыр. Ал анасына қазір баласының жағдайы қалай екенін, қандай шаралар алынып жатқанын шынайы айту үшін қолдау керек», – дейді Ә.Жұмабай.
«Жаңа туған сәбиге ми ишемиясы диагнозы қойылды. Оған оттегі жасанды тыныс алу аппараты арқылы беріліп жатыр. Сатурациясы – 93%. Геодинамикасы тұрақты, жүрек соғысы қалыпты. Неврологиялық симптом жоқ», - деп хабарлады перинаталдық орталық директоры Қанат Ермағамбетов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылған.
«Бұл оқиға егжей-тегжейлі тексеріледі. Қазір осы мақсатта арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Құлаған сәби компьютерлік томографияға түсірілді. Оның қорытындысы бойынша сәбидің денсаулығына қатты зақым келмеген», - деді Асхан Байдуәлиев.