×

Петропавлда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Мұқаш Қабдиров бес жылдан бері әділдік таппай жүр

72 жастағы қария өзіне тиесілі үш бөлмелі пәтерге сол қол жеткізе алмайтын сияқты

 Самат Жақып 11.06.2022 | 17:23
фото: Halyq Uni

Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен Петропавл қаласының тұрғыны Мұқаш Қабдиров бес жылдан бері әділдік іздеп шырылдап жүр. Мемлекет тарапынан өтемақы ретінде берілуі тиіс үш бөлмелі баспананың орнына қалалық әкімдік өкілдері бір бөлмелі үй берген. Оның өзін қазір жергілікті билік өкілдері қайта тартып алмақ, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мұқаш Қабдиров зарлы заманның зардабын тартқан азамат. Саяси құғын-сүргін жылдары оның анасы Кавказдан Қазақстанға жер аударған. Көп жылдар бойы олар комендатурада есепте тұрып, солақай саясаттың қасіретін көрген.

«1946 жылы анам, әжем және нағашы апам бұрынғы Булаев ауданына қарасты Жанықұл деген ауылға қоныстанады. Анамның ұлты – неміс. Үшеуі біреудің үйінің бір бұрышын жалдап тұрған. Әкем әскерден келген соң, шешеме үйленеді. Бірақ ол кезде қазақтың басқа ұлттан қыз алуына тыйым салынған еді. Сондықтан анам мұсылман дінін қабылдап, тіпті азан шақырып аты-жөнін де ауыстырады. Бұрын анамның есімі Раиса болса, тұрмысқа шыққан соң -Мәриям болып өзгерді. Артынша ауылда түрлі алып-қашпа әңгімелер көбейіп кеткен соң, әкем отбасын алып Аралағаш деген ауылға көшіп кеткен. Анам он екі құрсақ көтерген адам. Оның төртеуі шетінеп кеткен. Тұрмысымыз оңай болған жоқ. Есепте тұрдық. Тіпті  кешке  клубқа барып, кино көруге де құқығымыз болмады», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Мұқаш Қабдиров.

Зар жылап қалған отбасының көрмеген зорлық-зомбылығы жоқ. Бірақ уақыт өте келе бұл отбасы ақталып шығады. Артынша Мұқаш ақсақал қаржы жүйесінде, содан соң СҚО тексеру комиссиясында жұмыс істеді. Осылайша мемлекеттік қызметте жүргенде пәтер кезегіне тұрады. Ал 2013 жылы құрметті зейнет демалысына шығады. Өзі үшінші топтағы мүгедек. Бірақ, зейнеткердің сол күйі кезегі жылшымаған. Елімізде қабылданған заңға сәйкес мұндай жандар тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж болса, кезектен тыс баспана алуға құқылы. Сондықтан 2017 жылы отбасымен қалалық әкімдікке арыз жазады. 

«2017 жылы 31 мамыр күні қуғын-сүргін құрбандарын еске алу митингісі өтіп жатқан еді. Сол шараға келген азаматтармен сөйлесіп тұрып,  осындай заң бар екенін, мемлекет мен  сияқты жандарға көмек беретінін естідім. 1950-1956 жылдары шешеммен бірге тұрғандықтан мен де жапа шегуші болып есептелемін. Оның үстіне екі қызым пәтерсіз жүрді. Сосын осындай жеңілдік болып жатса, оны неге пайдаланбасқа деп қалалық әкімдікке бардым. Барлық құжаттарды жинап, сотқа барып менің қуғын-сүргіннен жапа шегуші екенімді дәлелдедім. Прокуратурадан түрлі анықтама құжаттарды алып, барлығын әкімшілікке өткіздім. Содан үші жыл өтті. Еш қозғалыс болмады. Кейін 2020 жылы қайтадан арыз жаздым. Неге маған пәтер бермейсіздер леп. Айта берсең түрлі сылтау әңгімелері көп. Тіпті біздің құжаттарымыз жоғалып кетті деді. Түрлі сылтау айта берген соң жауаптыларға үш рет хат жаздым. Осылайша 2021 жылдың қазан айында тұрғын үй комиссиясының шешімімен, маған бір бөлмелі үй берілді», - дейді Мұқаш ақсақал.

ІС СОТҚА ЖЕТТІ

Қабдировтар отбасына негізінен үш бөлмелі пәтер табыс етілуі тиіс болатын. Себебі ақсақалдың бірген тұрған қыздарымен немерелері бар еді. Бірақ қалалық әкімдіктегілер бір бөлмелі үйді жалға берген.  Оның үстіне үйдің әлі күнге дейін ешбір құжаты жоқ. Әрі ол баспананы қария жекешелендіре де алмайды. Сондықтан әділдік іздеген қария, сотқа жүгінген.

Бала-шағаммен бірге тұратындай үй беруі қажет болатын. Мен қазір жасарып жатқан жоқпын. Жасым 72-ден асып барады. Ертең сырқаттанып қалсам, су әкеліп беретін қасымда біреу болуы қажет қой.Осы мәселені  қала әкімінің орынбасары, тұрғын комиссиясының төрағасы Асқар Хабибулин деген азаматқа айттым. Ол 9 ай менің арызыма, не телефоныма жауап бермей қашып жүрді. Сосын амал жоқ сотқа бердім. Бірінші сот шағымымды қолдамай, әкімдік жаққа өтіп кетті. Сосын облыстық сотқа шағым жаздық. Ондағылар бірінші соттың қателігін анықтады. Яғни бірінші шешімді жойды да, әкімшілікке уақыт берді: Сендер 15 ақпанға дейін 2022 жылға мына азаматтың сұрағын түбегейлі шешіп беріңдер деп.  Сосын қала әкімінің орынбасарына өзінің қызметін дұрыс атқармағаны үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл салды. Бірақ сол судьяның шешімін қазір ешкім пысқырып жатқан жоқ. Ешқандай қозғалыс жоқ, - дейді Мұқаш Қабдиров.

ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІ БЕРГЕН БАСПАНЫ ҚАЙТА ТАРТЫП АЛМАҚ

72 жастағы қарияның мәселесі әлі шешілер емес. Бес жылдан бері  Мұқаш Қабдиров баспана үшін күресіп келеді. Енді әкімдіктегі қызметкерлер  ақсақалға берген үйді біржола тартып алмақ. Сондықтан ақсақал адвокаттардың көмегіне жүгінген.

«Иә, арнайы заң бар. Ол 1993 жылы қабылданды. Мемлекет қазір мұндай азаматтарды барынша қолдайды. Бірақ жергілікті жерлерде жоғарыдан берілген тапсырма орындалмай отыр. Қажетті құжаттардың барлығы қолымызда бар. Қалалық әкімдік мемлекеттік қордан бөлінген үйді қайта тартып алмақшы. Сондықтан біз мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментке де арыздандық. Нәтижесінде екі адам жазаланды. Ал қазір  біз жоғары сотқа арыз дайындап жатырмыз», - дейді ақсақалдың адвокаты Елена Игнатенко.

Ал, аталған сұрақ  бойынша Halyq Uni тілшісі қалалық әкімдік өкілдеріне хабарласқан еді. Алайда жергілікті шенділер сұқбат беруден үзілді- кесілді бас тартты. Айтуларынша мәселенің ақ-қарасын тек сот шешеді деп есептейді.

Жалпы 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам құғын-сүргінге ұшырады. Оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама