Алматы облысында алғаш рет бақша күні өтті
Шара Garden Day-Aport деп аталады
Алматы облысында алғаш рет Garden Day-Aport бақша күні өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет Garden Day-Aport атты бақша күнін өткізді. Іс-шара Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» аймақтық филиалының базасында ұйымдастырылды, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Оған ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, агробизнес өкілдері, Түркия, Польша және Болгариядан келген ғалымдар қатысты.
Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанда ұлттық бренд – апортты қайта жаңғырту шаралары қабылданып жатыр, – деп қосты ведомство.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев «Талғар» филиалында 5 гектар жерге Алматы апорты мен Қан қызыл апорты сорттарының аналық көшеттері отырғызылғанын жеткізді. Көшеттер апорттың 115 клонынан дәмдік қасиеттері мен ауруға төзімділігіне қарай іріктелген. Сонымен қатар, генетикалық талдау арқылы апортпен үйлесімді Сиверс жабайы алмасы сорттары іріктеліп, тұқымдық бақ салынды. 2023 жылы Қазақстанда 251,5 мың тонна алма өсірілді, оның 98,5 мың тоннасы импортталды. Өнеркәсіптік бақтарда 194,1 мың тонна алма өсірілді. Тек осы жылдың алғашқы жартысында 94 мың тонна алма импортталды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков жеміс-жидек шаруашылығын дамытудың елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикасы үшін маңызы зор екенін атап, бағбандарды қолдау шаралары туралы айтты.
Іс-шараға қатысушылар жеміс-жидек шаруашылығы саласын дамыту жоспарлары мен перспективалары, атап айтқанда, апортты қайта жаңғырту және сақтау туралы хабардар болды. Сондай-ақ өнімнің экологиялық қауіпсіздігін және топырақ құнарлылығын қалпына келтіруді ескеріп, жеміс-жидек дақылдарын өсірудің перспективалы технологиялары бойынша ғылыми-практикалық ұсыныстар алды.