Тыйым салынған зат саудасы тоқтамай тұр
Алматыда стоматологиядан 13 мың вейп тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жедел бөлімшенің мәліметінше, стоматологиялық емханалардың бірінде электронды темекінің заңсыз айналымы анықталды. Тінту кезінде емхана қоймасынан 13 мыңға жуық вейп табылды.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін бұрын сотты болған 32 жастағы ер адам ұсталды. Ол электронды темекінің заңсыз айналымын жасағанын мойындады. Оның айтуынша, ол заңсыз баю мақсатында досының стоматологиясында уақытша сақтау үшін қойма ұйымдастырып, тыйым салынған вейп құралдарын жасырын сатумен айналысқан. Қылмыстық істі Медеу аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр, – деді Алматы қалалық ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.
Polisia.kz дерегінше, 2024 жылдың 20 маусымында Қазақстанда вейптерді сатуға тыйым салатын заң нормалары күшіне енді. Қылмыстық кодекске 301-1-бап (шылым шекпейтін темекі өнімдерінің, электронды тұтыну жүйелерінің (вейптер), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың айналымы) қосылды.