Қазақстандықтар Pfizer вакцинасын Өзбекстан мен Қырғызстанда салдырып жатыр

Ербол Тұрымбет

Pfizer вакцинасы Қазақстанда нақты қашаннан бастап ақылы сегментке шығатыны белгісіз

көрнекі фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Ғани Хамзин Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдап, шетелге шығуды жоспарлап отырған студенттер мен кәсіпкерлер ақылы негізде Pfizer вакцинасын салдыра алмай жүргенін айтты. Депутат Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы растаған вакциналарды елде ақылы түрде салуға мүмкіндік беруді сұрады.

Еліміздегі емханалардың көбінде вакцина тапшы. Қазақстандықтар ДДСҰ бекіткен вакциналарды салдыра алмай отыр. Қаңтар, ақпан айларында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскендер үшін оқу басталады. Олар ақылы түрде Pfizer вакцинасын ала алмайтын болған соң, көрші Қырғызстан мен Өзбекстанға барып вакцина салдыруға мәжбүр. Бұған қоса, ревакцинация басталғанда елде Pfizer салдыруға сұраныс артады. Осыны ескеру керек, - деді Мәжіліс депутаты.

2021 жылдың желтоқсанында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer вакцинасы ақылы сегментке қашан шығатыны туралы пікір білдіріп, Қазақстанда ақылы болатын вакцинаның құнына қатысты компаниямен келісіп жатқанын мәлімдеді. Алайда, Pfizer вакцинасы нақты қашаннан бастап ақылы сегментке шығатыны айтылған жоқ.

Бүгін жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда 60 жастан асқан адамдарға ревакцинация үшін Pfizer вакцинасын салуды ұсынды.