Ұлттық ұлан жауынгері Гималай тауын бағындырмақ

Дәурен Ерболат

Ол еліміздің ең биік нүктесінде де болған

Фото: Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы

Ұлттық ұлан қызметкері Дмитрий  Казанцев Гималай тауын бағындыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемендегі №5518 әскери бөліміне Алматыдан шақырылған. Дмитрий Казанцев – әуесқой альпинист. Ұлттық ұланға шақырылғанға дейін Қазақстанның ең биік нүктесі Хан Тәңірі шыңын (6995,2 метр) бағындырған.

Біз салмағы 40 келі болатын сөмкемізді асынып, қар кешіп, тас басып, жоғарыға көтерілеміз, биік шыңды бағындыруға тырысамыз. Сондықтан мен әскери бөлімдегі жауынгерлік қызметке тез бой үйреттім, - деді қатардағы жауынгер.

Бүгінде ол №5518 әскери бөлімінде тыл қызметінің іс жүргізуші маманы болып еңбек етіп жүр.

Сондай-ақ Дмитрий Казанцев алдағы жоспары туралы айтып берді.

Жалпы маған бала кезімнен биіктен төмен қараған ұнайды. Биікке өрлеу, кедергілерден өту өмірге деген  құлшынысымды оятады. Алға қойған мақсатым – теңіз деңгейінен 8 мың метр биікте орналасқан Гималай тауын бағындыру, - деді ол.