Астаналықтар өздері қалаған сала бойынша жұмыс берушілермен тікелей сөйлесе алады
Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен «Жастар» сарайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Мұның мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру. Қазір 80-нен аса жұмыс беруші 1 200-ден аса жұмыс орнын ұсынып отыр. Бұл – мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар. Олардың қатарында құрылыс, өндіріс, сауда, қаржы, көлік секілді түрлі сала бар, - деді Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Талғат Есімов.
Жәрмеңкеде астаналықтар өздері қалаған сала бойынша жұмыс берушілермен тікелей сөйлесе алады.
Бос жұмыс орындары болғандықтан, жәрмеңкеге келіп отырмыз. Бізге қазір байланыс операторы қажет. Ол кассир болып, клиенттермен жұмыс істейді. Екіншіден, хат-журналдарды таситын пошташы, сондай-ақ жүргізушілер қажет, - деді «Қазпошта» АҚ Астана филиалы кадр бөлімінің басшысы Айна Әлиакбарова.
Жәрмеңке жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектерін және жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі.
Бұл іс-шараның көпке пайдасы мол. Мұнда жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып жатыр. Ал жұмыс іздеушілер компаниялардың менеджерлерімен сөйлесіп, қызықтырған сауалдарын қойып отыр. Мұнда жұмыс берушілер өте көп екен. Менің педагогика саласында 16 жылдық тәжірибем бар. Маған халықпен тығыз жұмыс істейтін сала ұнайды. Сол бағытта жұмыс берушілермен сөйлесіп, байланыс нөмірлерін алдым, - дейді елорда тұрғыны Гүлжайна Тұрсынбаева.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер үшін жақсы мүмкіндік.