Halyq Uni логотип
×

Биыл бопсалаумен айналысқан 20 қылмыстық топ ұсталды

Мүшелерінің көбі – жастар

 Динара Амантай 19.09.2024 | 15:15
Биыл бопсалаумен айналысқан 20 қылмыстық топ ұсталды
Фото: polisia.kz

Республика бойынша бопсалаумен айналысқан жастардан тұратын 20-дан аса топ ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл бопсалаудың 400-ден астам дерегі тіркелген. Оның 39-ы мектептер мен колледждерде жасалған. Оқу орындарында 60 мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізіліп, онда бопсалау, буллинг және зорлық-зомбылық көрсетумен байланысты мәселелер талқыланды. Мектептер мен колледждерде анонимді сауалнамалар жүргізіліп, оқушылар арасында бопсалаудың 50-ден астам ықтимал фактісі анықталды. Барлық жағдай тексерілетіні атап өтілді.

Сондай-ақ жыл басынан бері бопсалаумен айналысатын жастардан құралған 23 топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.

Мәселен, қыркүйекте Ақтөбе қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері колледждің кәмелетке толмаған студентін ұстады. Ол 15 жастағы жасөспірімнен 50 мың теңге көлемінде ақша бопсалаған. Күдікті ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген полиция хабарламасында.

Жамбыл облысында жасөспірім жеке деректерді таратамын деп қорқыту арқылы өз қатарластарынан ақша бопсалаған. Осындай 8 факт тіркеліп, қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Петропавлда полиция қызметкерлері қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Олар зорлық-зомбылық пен қорқыту арқылы жәбірленушілерді несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, кейіннен оны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Күдіктілер қамауға алынды.

Айта кетсек, қылмыстың бұл түрі үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама