Астана қаласының Орталық саябағы маңында Есіл өзеніне Зеренді балық питомнигінде республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тапсырыс аясында өсірілген 250 мың балық шабағы жіберілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Балық жіберуге Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің, елорда әкімдігінің, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми ұйымның, С.Сейфуллин атындағы ҚазҰАТУ студенттерінің және Астана тұрғындарының өкілдері қатысты, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Табиғи су қоймаларындағы балық ресурстарын сақтау мен тұрақты пайдалану мақсатында, сондай-ақ елорда тұрғындарының демалуына рекреациялық жағдайлар жасау мақсатында жыл сайын балық жіберу жұмыстары жүргізіледі, – деп қосты ведомство.
Балық шаруашылығы кәсіпорындары қазанның соңына дейін Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл және Есіл бассейндерінің су қоймаларына тағы 15 миллион балық шабағын жіберуді жоспарлап отыр.