Қазақстанда Омикрон штамының анықталуына байланысты қосымша іс-шаралар енгізілді
Қазақстанда 60 жастан асқан адамдарға ревакцинация үшін Pfizer вакцинасын салу ұсынылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
Министрдің мәліметінше, соңғы аптада Қазақстанда вакцинация қарқыны бірнеше есе төмендеген. Сондай-ақ қаңтар айының алғашқы он күнінде вакцина салдырған адамдардың саны желтоқсанмен салыстырғанда 0,2 пайызға артқан.
Одан бөлек, Қазақстанда Омикрон штамының анықталуына байланысты қосымша іс-шаралар енгізіліп, іске асырылып жатыр. Халықтың осал тобын қорғау үшін ревакцинациялау үшін вакциналар саны артты. Енді Pfizer вакцинасы тек балалар мен жүкті әйелдерге емес, 60 жастан асқан адамдарға ревакцинация үшін ұсынылады.
Еске салайық, 11 қаңтарда Қазақстан үкіметінің жаңа құрамы бекітілді. Министрлердің көбі өз орнында қалды. Бірқатар ведомствоға жаңа басшы тағайындалды. Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрі лауазымына Әлібек Қуантыров, Энергетика министрі лауазымына Болат Ақшолақов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына Асқар Омаров, Әділет министрі лауазымына Қанат Мусин, Денсаулық сақтау министрі лауазымына Ажар Ғиният, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымына Қайырбек Өскенбаев тағайындалды.