Бірнеше адамға несие алдыртып, алдап кеткен семейлік футболшы сотталды

Халық үні

Қарызын сұрап барған бір танысының қабырғасын сындырып, миына зақым келтірген

фото: sports.kz

«Семей-2», «Ақжайық» клубында ойнаған қазақстандық футболшы алаяқтық және денсаулыққа зиын келтіру баптарымен сотталды. Деректерге сүйенсек, ол таныстарынан ірі көлемде несиеге ақша алғызып, кейін қайтармай, алдап кеткен, деп хабарлайды Halyq Uni «Мой городқа» сілтеме жасап.

Семей қаласының №2 сотында 36 жастағы экс-футболшы Азат Ерсалимовқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің екі бабы («Алаяқтық» және «Орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіру») бойынша айып тағылды.

Ерсалимов футболдағы мансабын 2005 жылы «Семей-2» клубының құрамында бастаған. Кейін әр жылдары еліміздің түрлі клубтарында, соның ішінде Оралдың «Ақжайық» клубында ойнаған. Ол клуб құрамында 2017-2018 жылдары болған.

Іс материалдарынан оның 2022 жылдан 2023 жылға дейін туыстарынан, достарынан және таныстарынан түрлі сылтаулармен қарыз алғаны белгілі болды. Жәбірленушілердің жалпы шығыны 60 миллион теңгеге жеткен. Қылмыстық іс 32 эпизодтан тұрды. Сонымен қатар көптеген адам Ерсалимов үшін несие алып, қарызға батуға мәжбүр болған.

Мысалы, жәбірленушілердің бірі Ерсалимовқа үш рет 4 миллион теңгеге жуық несие алып берген. Алғаш рет футболшы қаржылық мәселелерім бар деген сылтауымен ақша сұраған. Екіншісінде «Алматыда бизнес ашу үшін», үшіншісінде «кейбір жағдайларды шешу үшін» сұраған. Ал жәбірленуші оның өтінішінен бас тарта алмай, әртүрлі банктерден несие алған. Істе ондаған жәбірленушінің аты-жөні көрсетілді.

Сондай-ақ іс материалдарында Азат Ерсалимовтың қарызын сұрап барған танысын ұрып, жарақат салғаны туралы да айтылған. Дәрігерлер қойған сараптама бойынша жәбірленушінің қабырғасы сынып, миы шайқалған.

Ерсалимовтың өзі барлық айып бойынша кінәсін толық мойындады.

Сот үкімімен Азат Ерсалимовқа 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Футболшы мерзімін орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Айта кетсек, спортшының бұл әрекеті лудомания ауруына байланысты болған.