Halyq Uni логотип
×

Соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер қайтыс болған

Әскердегі әлімжеттік тоқтар емес

 Дәурен Ерболат 18.09.2024 | 15:57
Соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер қайтыс болған
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қазақстанда соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер көз жұмғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолданды.

Бүгінде ешкім бауыр еті баласын әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелді, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – Әскери прокуратура жариялаған ресми дерек, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат әскердегі әлімжеттікке нақты мысалдар келтірді:

  • 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған;
  • Биыл маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен;
  • Таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан 5 ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет;
  • 7 қыркүйекте Ақтаудағы гарнизонда сарбаз Марат Барқұлов есімді бауырымыз көз жұмды. Оны офицер атып тастаған.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деп мәлімдеді. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр. Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма?», - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Ол қорғаныс министрінен төмендегі шараларды қолға алуды сұрады:

  • Қазақстан армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды;
  • Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалады қолға алып, олардың іске асуын жеделдету керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама