Түрмеге телефонды шай қорабына жасырып өткізбек болған күдікті ұсталды
Ол бірнеше құрылғы өткізбек болыпты
Шай қорабына бірнеше телефон жасырып, түрмеге өткізбек болған күдікті анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №14 мекемесіне тыйым салынған заттарды өткізбек болған күдікті құрықталды.
Шай қорабының ішіне фольгаға оралған үш телефон, роутер және екі қуаттағыш құралды жасырған ер адам оларды бандероль арқылы жіберді. Мекеме қызметкерлері қырағылығының арқасында заңсыз өткізу фактісінің жолы кесілді. Бандерольден шыққан тыйым салынған заттар тәркіленді, – делінген ақпаратта.
«Аталған факт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша материал жиналып, ер адамға қатысты шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», – деді ҚАЖД бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Шәріпбеков.