Halyq Uni логотип
×

Елімізде жатыр мойны обырының алдын алу үшін вакцинациялау басталды

Вакцина қыздарға салынады

 Қымбат Елтайқызы 18.09.2024 | 10:05
Елімізде жатыр мойны обырының алдын алу үшін вакцинациялау басталды
фото: Halyq Uni

Қазақстанда жатыр мойны обырының алдын алу үшін қыздарды вакцинациялау басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Елімізде қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды, деп мәлімдеді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 қаулысына сәйкес, 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі, – деп қосты ведомство.

Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік саналады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.

Вакцинация қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қыздардың денсаулығын қорғауға бағытталған. АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Қазір бірқатар елде вакцинация арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама