Жетісу облысында ауыл әкімі күйеуі бар әйелді зорламақ болған
Керуетте жатқанда артымнан іш киімімді тартты, - дейді ол
Жетісу облысына қарасты Ақсу округінің тұрғыны ауыл әкімі Ілияс Райымқұловқа қатысты сұмдық жайтты айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әкімге қатысты оқиғаны баяндаған әйелдің видеосы Instagram-дағы Сандуғаш Дүйсенова жүргізетін halyk_zhurnalist.kz парақшасына жарияланды.
Ол терезеден кірген. Түнгі 2:30 шамасы. Үйде 2,5 және 5 жастағы балам болды. Керуетте жатқанда артымнан іш киімімді тартты. Басында ұйқылы жатып, түсінбей қалдым. Сосын бірден оянып кеттім. Алғашында күйеуім екен деп қалдым. Күйеуімнің Текеліде екені есіме түсті. Анықтап қарасам, пысылдап біреу мас күйінде отыр. Шошып кеттім. Әкім жүгіріп шықты. Есікті ашып, абдырап тұрғанымда, кіреберісімдегі дәлізде әкімдіктің тағы бір қызметкері тұр екен, - дейді әйел.
Жетісу облысының полиция департаменті осы айтылған жағдайға қатысты тергеу жүргізіліп, «Үйге заңсыз кіру дерегі» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Төрт баланың анасы істің бұл бап бойынша қаралғанына наразы.