Halyq Uni логотип
×

Еліміз ішімдік ішу жағынан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр

Қазақстанда алкоголь өнімдері бір жылда 10,8 пайыз қымбаттаған

 Халық үні 17.09.2024 | 19:57
Еліміз ішімдік ішу жағынан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр
фото: baikal24.ru

Қазақстанда бір адам жылына шамамен 5 литр алкоголь тұтынады. Ел осы көрсеткішпен 180 мемлекеттің ішінде 100-орында тұр, деп хабарлайды Halyq Uni Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Алкоголь тұтыну бойынша алғашқы орындарда Латвия (13,2 литр), Молдова (12,9 литр) және Германия (12,8 литр) бар. Ал Орталық Азия елдері арасында Қазақстан ішімдік ішу жағынан көш бастап тұр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы екінші тоқсанда Қазақстандағы әрбір үй алкогольге орта есеппен 5,5 мың теңге жұмсаған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 8,1 пайыз көп. Алкогольге ең көп шығынды (9,5 мың теңге) Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жұмсаған. Бұл – былтырғыдан 14,8 пайыз көп. Ішімдікті ең көп ішетін үштікке Павлодар облысы (9,5 мың теңге, 2,9 пайызға аз) және Алматы қаласы (8,9 мың теңге, 20,5 пайызға көп) кірді. Алкогольдік ішімдіктерге Қызылорда (1,2 мың теңге), Ақтөбе (1,4 мың теңге) және Маңғыстау (1,5 мың теңге) облыстарының тұрғындары ең аз ақша құртады.

Сонымен қатар, сарапшылар биыл тамызда алкогольді сусындардың өткен айға қарағанда 0,4 пайыз, былтырмен салыстырғанда 9,3 пайыз қымбаттағанын атап өтті. Бір айда шарап 0,8 пайыз, сыра 0,5 пайыз қымбаттаған. Ал арақ 0,2 пайыз арзандады. Былтырмен салыстырғанда, сыра 14,4 пайыз, шарап 9,9 пайыз, арақ 3,6 пайыз қымбаттаған.

Бір айда алкогольдің бағасы Астанада (2,1 пайызға) және Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында (1,8 пайызға) ең көп өскен. Жамбыл, Павлодар және Қостанай облыстарында баға өткен айдағымен бірдей. Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау және Алматы облыстарында алкоголь арзандаған. Жалпы, Қазақстанда алкоголь өнімдері бір жылда 10,8 пайыз қымбаттаған.

Сарапшылар елде спирттік ішімдіктердің сатылымы айтарлықтай азайғанын атап өтті. Сондай-ақ жақында кәсіпкерден тәркіленген 21 мыңнан аса бөтелке арақты Павлодар облысының медициналық мекемелеріне жіберу туралы шешім қабылданды. Ал кәсіпкерге жасанды спирттік ішімдік үшін айыппұл салынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама