Балаларды цифрлық қауіптерден қалай қорғау керек

Қымбат Елтайқызы

Балалар құқығын қорғау комитеті осындай мәлімдеме жасады

фото: Halyq Uni

Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова ата-аналарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Қазіргі заманда интернет бізге шексіз мүмкіндіктер ашатыны белгілі. Алайда, осы мүмкіндіктермен бірге тәуекелдер де келеді. Балалардың интернетте шамадан тыс уақыт өткізуі олардың денсаулығына зиян тигізетіні жасырын емес. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, деструктивті материалдарды бұғаттайтын «Киберқадағалау» жүйесі негізгі құрал саналады. Ал 2023 жылы министрлік ЮНИСЕФ балалар қорымен бірлесіп, «Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» атты әлеуметтік зерттеуін өткізген болатын», – деді ол.

Осы тұста, онлайн өміріне ата-аналардың қатысуы маңызды рөл атқарады. Жағымсыз конттентке қол жеткізуді шектеу үшін «Ата-ана бақылауы» науқаны басталды. Сондай-ақ, кибербуллингпен, интернетке тәуелділікпен және басқа да цифрлық қауіптермен күресуге бағытталған «Кибер Тұмар» науқаны жұмысын жалғастырып жатыр. Бұдан бөлек, 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымында балаларды интернетте қорғауға, өзін-өзі сақтау дағдыларын қалыптастыруға және түрлі қауіп-қатер кезінде дұрыс мінез-құлыққа қатысты тақырыптарды қамтитын «Жеке қауіпсіздік» сабақтары енгізілді, – деп қосты Оспанова.

«Алайда соңғы уақытта ата-ана жауапкершілігінің және интернеттегі балалар өмірін бақылаудың маңыздылығын көрсететін жағдайлар жиілеп кетті. Балалармен олардың сыни ойлауын дамыту және онлайн қауіп-қатерлерге төзімділігін арттыру үшін үнемі диалог жүргізу маңызды. Өйткені біз ата-ана ретінде олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатында шешуші рөл атқарамыз», – деді комитет басшысы.