Жамбыл облысында түнгі рейд кезінде 200 келіге жуық қарасора тәркіленді
Тағы бірнеше есірткі қылмысы анықталды
Жамбыл облысының құмды аймақтарында тәртіп сақшылары түнгі рейд кезінде 190 келі қарасора тәркіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, «Қарасора – 2024» республикалық арнайы операциясы аяқталуға жақындады. Еліміздің оңтүстік аймақтарында сақшылар тәулік бойы құмды жерлерді тексеріп, есірткі дайындаушыларды анықтайды.
Есірткімен күресуші полицейлер Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы бөлінісімен бірлесіп, шалғай аудандарды жаяу патрульдеуге шығады, – деп қосты ведомство.
Осындай тексерулердің бірінде ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері Шу ауданының Алға ауылынан 25 шақырым жерде жабайы қарасора өсірген Шу қаласының тұрғынын ұстады. Сараптама тәркіленген өсімдіктің қарасора екенін көрсетті. Оның жалпы салмағы 188 келіден асты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Тәртіп сақшылары «Қарасора – 2024» арнайы операциясы кезінде барлығы 597 есірткі қылмысының жолын кесті. Оның ішінде 178 өткізу фактісі, 113 есірткі сақтау фактісі бар. Заңсыз айналымнан 16 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 13 тонна кептірілген марихуана, 3,6 тонна прекурсор, 83 кг синтетика, 48 кг гашиш, 20 мыңға жуық қарасора бұтасы, 76 апиын, көкнәр бұталары бар.