×

Арқалықта кәріз құдығына құлаған әйел құтқарылды

Ол 4 метр тереңдіктен жер бетіне шығарылды

 Динара Амантай 16.09.2024 | 15:00
Фото: polisia.kz

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ведомство өкілдерінің ақпаратына сәйкес, учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбек Қарин өзінің әкімшілік аумағын аралау барысында жазатайым оқиға туралы хабар алып, бірнеше минут ішінде оқиға орнына дереу жеткен. Оқиға болған жерде бірнеше адам жиналып, әйелді шығаруға тырысқан. Әйел тереңдігі 4 метр болатын кәріз құдығына құлап кеткен. Су деңгейі беліне дейін жеткен.

Мен қызметтік көліктен құтқаруға арналған арқанды алып, оны кәріз құдығына тастадым. Әйелден оны кеудесіне байлауын сұрадым. Ол кісіге де оңай болмады, бірақ сонда да менің айтқанымдай істеді. Кәріз құдығынан оны ақырындап сыртқа шығарып алдық, – деді учаскелік полиция қызметкері.

Патрульдік полиция қызметкерлері Руслан Капсаматов пен Мұрат Жамалиев әйелді қызметтік көлікке отырғызып, қалалық ауруханаға жеткізді. Ауруханада жергілікті тұрғын осы құдықтың жанындағы үйде тұратынын айтты.

Үйден күйеу баламмен бірге жұмыстармен шыққанбыз. Мен ағаш тақтайшалармен жабылған кәріз құдығын байқамадым. Туысым оны айналып өтті, ал мен дәл кәріз құдығының үстінен басып, құлап кеттім, – деді Арқалық қаласының тұрғыны.

Әйелдің қабырғалары сынған. Полицейлер жергілікті әкімдікке кәріз құдығы туралы хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама