×

Алматылықтар концерттен кейін стадион аумағын тазалады

Қала тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына атсалысып жатыр

 Динара Амантай 16.09.2024 | 13:45
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Алматыда өткен мерекелік концертке қатысқан қала тұрғындары бастама көтеріп, іс-шарадан кейін қалған қоқысты жинап кетті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала әкімдігінің мәліметінше, алматылықтар танымал қазақстандық орындаушы Садраддиннің жеке концертінен кейін орталық стадион аумағын тазалауға жаппай қатысқан. Іс-шара соңында орындаушының өзі көрермендерді концерттен кейін тазалықты сақтауға шақырған.

Қала күнімен құттықтаймын! Сүйікті қаламызды қорғап, оның тазалығын сақтайық, – деді ол концертке қатысушыларға.

Орталық стадионның аумағын тазалауға Алматы жастары да атсалысты. Олардың қатарында 300-ге жуық еріктілер де болды. Жастар қоқысты жинап, контейнерлерге тастады.

Қалаға деген сүйіспеншілік табиғатқа деген сүйіспеншіліктен басталады. Осылайша біз ортақ үйіміздің әдемі көрінісін барынша сақтай аламыз! Біз көппіз, ал қала жалғыз. Әркім өзінің ортақ үйіне қамқорлық жасағанда, қаланың сұлулығы мен жайлылығы сақталады. Табиғат пен қаланың үйлесімділігі әрқайсымыздың қолымызда. Кішкентай қадамдар мен жауапкершілікпен біз қала өмірінің сапасын жақсарта аламыз, сонымен қатар табиғатқа деген сүйіспеншілігімізді көрсете аламыз. Біздің әрқайсымыздың іс-әрекетіміз қаламыздың болашағына үлкен әсер етеді, – деді өз сөзінде алматылық ерікті Елдар Байғабылов.

Бұл бастама қаланы таза ұстап қана қоймай, жас ұрпақтың әлеуметтік жауапкершілігін арттырады. Алматының тұрғындары мен қонақтары мұндай бастаманы жоғары бағалап, оларға қолдау білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, мұндай ация алғаш өткізіліп отырған жоқ. 14 қыркүйекте Астана алаңындағы концерттік бағдарлама аяқталғаннан кейін мегаполистің тұрғындары мен қонақтары ұйымдастырушылардың шақыруына белсенді жауап беріп, қоқысты тазартуға көмектескен еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама