«Немеремді талап өлтірген иттің иесін жазалауды сұраймын» – оқушының әжесі
Баланы құрылыс компаниясының күзетшісі тауып алып, полицияға хабар берген
Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын үй алабында қайғылы оқиға болды. Полиция 12 жастағы Мадияр Шәкіраттың көп қан кетіп, дене жарақатынан қаза болғанын растады.
Алланың салған ісіне әр пенде көнеді. Көнбеске амал жоқ. Бірақ немеремнің зәбір көріп, қиналып, ешкімнен көмек көрмей, екі көзі жәудіреп, қиындықпен өмірден озғанына ішім қан жылап тұр. Адамның жаны қадірсіз болғаны ма? Иттің жаны қымбат болып кетті ме? Ит атуға болмайда деген не сөз! Иттің иесін тауып, шара қолдануды сұраймын. Өкініш өзегімді өртейді. Баланы құрылыс компаниясының күзетшісі тауып алып, полицияға хабар берген. Анасы мәйітханаға барды. Сау жері қалмаған, - дейді марқұм оқушының әжесі Нағима Валиева.
Учаскелік полиция қызметкерлері ит-мысық атуға қарсы жаңа заң шықпас бұрын 900-ден астам айыппұл салған. Оның 600-ден астам айыппұлы иттің иесіне жазылды. Өзгесі жайылып, жолға шығып кеткен мал иесіне тиесілі.
«25 мамырдан бастап Ақтөбе қаласының ветеринария стансасы тұрғындар мен учаскелік полициядан арыз қабылдап, жұмыс істеді. Бүгінге дейін 274 ит-мысық ауланып, көзі жойылды. Бұл аз. Бұған дейін ит ату маусымында күніне 100 ит жойылса, осыдан-ақ айырмашылықты көруге болады. Ветеринарларға арыз түскенмен, жануар бір жерде тұрмайды. Кейде барып, таппай қалады. Жергілікті бюджеттен бұл жұмыстарға 42 миллион теңге бөлінді. Оны аулап, ұстауға рұқсат берсе, осы қаржы қолданылады. Заң бойынша бұл жұмысты 18 шілде күні бастауға болады», - деді облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов.
Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары өз жауапкершілігіне қатысты сұраққа да жауап берді.
«Жағдай қиын болып тұр. Ит саны көбеймесе, азаймады. Жауапқа кім тартылады? Әр адам өз жұмысына жауапты болуы керек. Облыс әкімінің орынбасары ретінде мен де жауаптымын. Облыстық ветеринария басқармасы, қалалық ветеринария стансасы, ветеринар маман жауапты. Осы жұмысты атқара алмадың десе, мен қызметімнен кетуге әзірмін», - деді Жақсығали Иманқұлов.