Halyq Uni логотип
×

Астанада жастар мобилографқа тапанша кезеп, ақша бопсалаған

23 және 19 жастағы үш күдікті ұсталды

 Халық үні 15.09.2024 | 21:29
Астанада жастар мобилографқа тапанша кезеп, ақша бопсалаған
фото: Halyq Uni

Астанада мобилографты клиенттердің атын жамылған белгісіз біреулер тонап кеткен. 19 және 23 жастағы үш күдікті ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni елордалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Астананың мобилографиямен айналысатын тұрғыны белгісіз клиенттен бейнетүсірілім қызметіне тапсырыс алған.

Кездесу кезінде клиенттер жас жігітті көлікке отырғызып, тапаншамен қорқытып, ұрып-соғып, кейін мобильді банкинг арқылы 500 мың теңге аударуға мәжбүрлеген. Содан кейін олар жәбірленушіге банкоматтан 1 миллион теңге көлемінде онлайн-несие алдырған, - деп мәлімдеді ведомство.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында қарақшылық шабуыл жасаған 23 және 19 жастағы үш күдіктіні ұстады. Олар кінәсін мойындаған.

Тергеу барысында жігіттердің бірінің жәбірленушіні танитыны және оңай олжаны көздеп, қылмысты алдын ала жоспарлағаны анықталды. Тінту кезінде жәбірленушіні қорқыту үшін қолданған пневматикалық тапанша тәркіленді. Қазір 23 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.

Тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер қазір күдіктілердің елордада бұған дейін жасалған қылмыстарға қатысының бар-жоғын анықтап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама