Шаһар басшысы құттықтады
Алматы әкімі Ерболат Досаев алматылықтарды Қала күнімен құттықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мерекелік іс-шаралар Абай алаңындағы «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты отбасылық фестивальден басталды. Онда мегаполис басшысы Ерболат Досаев алматылықтарды құттықтады, деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.
Алматы әрқашан алдыңғы шепте болып, оң өзгерістердің жарқын үлгісі болуы керек. Бұған бар күшімізді, білімімізді әрі тәжірибемізді жұмсаймыз. Алматыны әрбір адам өз үйіндей сезінетін жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру – біздің қолымызда, – деді шаһар әкімі.
Қала басшысы дәстүр бойынша шаһарды дамытуға үлес қосқан азаматтарды «Алматының құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарында көзі нашар көретін суретші Алексей Уткин, кескіндемеші Ерболат Төлепбай, композитор Ерұлан Қанафиянов, ақын Ұлықбек Есдәулет, техника ғылымдарының докторы Жұмабай Байнатов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнәр Нұрланова, құрметті ұшқыш Дмитрий Душимов пен кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұлов бар. Сонымен қатар, құрметті атақ Мемлекеттік қуыршақ театрына берілді.