Екі көлікке зақым келді
Абай облысында полиция мас жүргізушіні жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылғы 14 қыркүйекте сағат 21:30 шамасында 43 жастағы жүргізуші Бозтаев көшесінің айналма қозғалысының шыға берісінде ВАЗ 21140 көлігін жүргізе отырып, қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай, рөлді басқара алмай алдында келе жатқан ВАЗ 2115 көлігімен соқтығысты, деп мәлімдеді Абай облысының полиция департаменті.
Салдарынан ВАЗ 2115 көлігі соққы инерциясынан ВАЗ 21140 көліне соғылды. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша ер адамның мас екені анықталды. Бұл жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер жоқ, – деп қосты ведомство.
43 жастағы ВАЗ 21140 көлігінің жүргізушісі жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірген, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ немесе көліктерге, жүктерге, жол және өзге де құрылыстарға не өзге де мүлікке зақым келтірген алкогольдік мас күйде көлікті тізгіндегені үшін жауапқа тартылды. Бұл заңбұзушылық 20 тәулікке әкімшілік қамауға алуға және 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.