2,6 млн астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Алматы қаласында бейнежүйелердің көмегімен 1700-ден астам қылмыстың беті ашылып, 2,6 миллионнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, қаланың тәртіп сақшылары биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша шаһардағы видеокамералар қолданудың тиімділігін атап, осындай деректер келтірді.
Қазіргі таңда мегаполисте бейнебақылауды нақты уақыт режимінде басқаруға, болып жатқан оқиғаларға жедел жауап беруге, сондай-ақ адамды тану функцияларын пайдалануға мүмкіндік беретін бірыңғай бейнежүйе платформасы қызмет көрсетеді. Жалпы, жүйе жол қозғалысын басқарады және қауіпсіздік бейнеталдау функцияларын орындайды. Платформаға 45976 видеокамера орнатылған, – делінген басылымда жарияланған ақпаратта.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, жүйе тұтастай алғанда қылмыскерлердің құрықталу қаупі туралы түсінігін арттыру жолымен қылмыс деңгейін төмендетеді. Бейнебақылау камераларынан алынған дерек қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеу үшін пайдаланылады.
«Бейнежүйенің енгізілуімен Алматыдағы қылмыстық ахуал біршама жақсарды. Бұл платформа қаланы қауіпсіз әрі азаматтардың тұруына қолайлы ететіні жасырын емес», – деп түйіндеді жергілікті сақшылар.