Елордадағы іс-шараларда көптеген бағдарлама қамтылды
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін өткен Астана этноауылдарындағы финалдық концерттерде цирк нөмірлері, қуыршақ театры қойылымдары, спорттық жарыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
14 қыркүйекте елордада «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» саябағы, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумағындағы 4 этноауылда отандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарламалар өтті, деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.
Концерттер басталғанға дейін қонақтар мен тұрғындар үшін спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Отандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін өнер көрсетті, – деп қосты ведомство.
Есіл ауданының этноауылында «Наз» би театры мен астаналық цирк әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама өтті. Алматы ауданында «Қазақ елі» монументінің жанындағы этноауылда Әзербайжан Мамбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртістері өнер көрсетті.
Байқоңыр ауданындағы «Ататүрік» саябағы аумағында этноауыл ұйымдастырылды. Сағат 18.00-ден бастап этноауыл аумағында қуыршақ театры мен елордалық цирк әртістерінің қатысуымен «Балаларға базарлық» балалар бағдарламасы өтті. Әрі қарай концертпен жалғасты. Нұра ауданында «Жастар» сарайының аумағындағы этноауылда әртістердің қатысуымен сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін концерттік бағдарлама өтті.
Астанада 8-13 қыркүйек аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оған әлемнің 89 елінен 2500-ден астам спортшы қатысты. Елордада 5 этноауыл ұйымдастырылып, 13-14 қыркүйекте жұмысын аяқтады. Бәйтерек монументінің жанындағы Есіл ауданының этноауылы жұмысын 15 қыркүйекте аяқтайды (сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді).