Халықтық штаб Алматыда АЭС мәселесін талқылау бойынша кездесу өткізді
АЭС бойынша кезекті жиын өтті
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам белсенді әйел AMANAT партиясы Әйелдер қанаты Tomiris әйелдер саяси көшбасшылығы жобасы аясында ұйымдастырылған оқу курстарына қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгін Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов олармен кездесу өткізді. Іс-шара барысында Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша 6 қазанда өтетін референдум мен президент Жолдауының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Іс-шараны ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қоғам өміріне және елдің жан-жақты дамуына зор үлесі қосатынын әрдайым айтып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқығын қорғау және отбасы құндылықтарын нығайту президент пен AMANAT партиясының басты назарында екенін айтты.
Ол Әйелдер қанаты бір жарым жылда AMANAT партиясының қозғаушы күштерінің біріне айналғанын атап өтті. Мәселен, Әйелдер қанатының алғашқы форумында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды. Парламент тиісті заң қабылдап, ол жақында күшіне енді. Сонымен қатар халықтың қарыз жүктемесін азайту, құмар ойындарға қарсы күрес туралы жаңа заңдар күшіне еніп, бұл мәселелер де Әйелдер қанаты мүшелерінің бастамасымен көтерілді.
Кездесуге қатысушылар еліміздегі ең маңызды оқиғалардың бірі – Мемлекет басшысының Жолдауын да талқылады. AMANAT партиясының төрағасы әр Жолдау – бұл халықтың қажеттілігі мен сұранысына негізделген нақты іс-қимыл жиынтығы екенін мәлімдеді. Соның бірі – соңғы жылдары халық пен бизнес қатты сезініп отырған энергия тапшылығы мәселесі. Осыған байланысты, АЭС құрылысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін шешіп, оның алдағы экономикалық дамуын қамтамасыз етуге тиіс.
Ерлан Қошанов бүгінде АЭС идеясына қазақстандықтардың басым бөлігі қолдау білдіргені маңызды екенін атап өтті. Сондықтан партиялар мен жетекші қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті. Осы күні Халықтық штаб мүшелері өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесіп жатыр. Қазірдің өзінде халық тарапынан бейбіт атом идеясына үлкен қолдау байқалады. Мәжіліс спикері азаматтар АЭС-ке балама жоқ екенін түсініп, бұл тағдыршешті мәселеде олардың дауысы шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді.
Бүгін біз елдің одан әрі дамуына әсер ететін барлық маңызды шешім халықпен бірге қабылданып жатқанын көріп отырмыз. Жаңа саяси мәдениеттің мәні осында. Біз барлығымыз бірге жаңартылған Конституция үшін дауыс бердік. Қазір халық қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көріп отырмыз. Бұл жолы да бірлесіп, еліміздің прогрессивті дамуына тағы бір батыл қадам жасауымыз керек. 6 қазанда біз батыл шешім қабылдап, АЭС құрылысына дауыс беруіміз керек, – деді ол.
Өз кезегінде Ядролық физика институтының ғылыми хатшысы Карлығаш Мұнасбаева және Ядролық физика институтының ядролық және физикалық қауіпсіздік оқу орталығының бастығы Наталья Измайлова қауіпсіздік және экологиялық талаптарға сәйкес келетін соңғы жетістіктер мен әзірлемелерді пайдалана отырып, АЭС салудың перспективасы туралы айтты. Ал Жетісу облысы Сарқан ауылынан келген кәсіпкер Кенжетай Тазабекова АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Партия төрағасы қазір кәсіби мамандардың дәлелді сөздері күмәншіл адамдар мен сыншылардың пікірінен басым түсіп, атом энергиясына қатысты халықтың қорқынышы мен үрейін сейілтуі өте маңызды екенін атап өтті.
Халықтық штаб мәліметінше, кездесу соңында партияның Әйелдер қанатының мүшелері АЭС құрылысына қолдау білдіріп, барша қазақстандықты референдумға белсенді түрде қатысуға шақырды.