Өскемен қаласының әкімі жемқорлықпен сотталған Ислам Әбішевті марапаттаған
Кейін әкімдікке ол марапаттың күшін жоюға тура келді
Өткен демалыс күндері Өскемен қаласында конституция күнімен қатар қаланың құрылғанына 304 жыл толу мерейтойы тойланған. Мерейтой аясында әкім Жақсылық Омар қаланың тыныс-тіршілігі мен дамуына үлес қосқандарды салтанатты түрде марапаттады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Өскемен қаласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» медалімен марапатталғандардың арасында жемқорлық үшін сотталып, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан бұрынғы қала басшысын Ислам Әбішев те бар.
Еске сала кетсек, Ислам Әбішев 2009-2012 жылдары Өскемен қаласының әкімі болды. Содан кейін бірнеше жыл бойы АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2020 жылы Ислам Әбішев аса ірі көлемде пара алуға әрекеттенді деген айыппен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол 2021 жылы қылмыстық істер жөніндегі соттың апелляциялық алқасының шешімімен шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
Экс-шенеунікті марапаттауға қатысты қала әкімдігі мәлімдеме жасады.
Тізімге енгізу туралы ұсыныс қала тұрғындарынан түскен. Кезінде ол Өскемен үшін көп еңбек сіңірді. Оның арқасында орталық мешіт, мемлекеттік рәміздер тауы, амфитеатр сияқты көптеген нысан пайда болды. Қала келбетінде оң өзгерістер басталғаны әлі күнге дейін халықтың есінде. Бұл ұсыныс жасалған кезде ескертілді, біз бас тарта алмадық, – делінген Өскемен қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Алайда бірнеше күннен кейін қалалық комиссияның шешімімен Ислам Әбішевке берілген «Өскемен қаласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгісі қайта алынған. Қала әкімдігі ақпаратты растады.
Сыйлық туралы жарияланғаннан кейін, әлеуметтік желілерде және қоғамдық пікірлерде адамдар оның сіңірген еңбегін ғана емес, сонымен бірге сыбайлас жемқорлық үшін сотталғанын, яғни соттың кінәлі деп танығанын айта бастады. Осы жайттардың барлығы комиссия отырысында атап өтіліп, марапаттау құжатының күшін жою туралы шешім қабылданды, – деді ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетов.