Баспана кезегінде тұрған азаматтардың тізімі «Отбасы банкіне» беріледі
Елімізде баспана кезегінде тұрған азаматтардың тізімі «Отбасы банкіне» беріледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Маманның айтуынша, «Отбасы банк» ұлттық даму институты болып құрылады. Осылайша, әкімдікке баспаналы болуға кезекке тұрған азаматтардың деректері енді «Отбасы банкіне» беріледі. Алайда әкімдіктер тұрғын үй сатып алу және салуға жауапты орган ретінде қала бермек.
Сондай-ақ 2024 жылдың сегіз айында 6 737 кезекте тұрған азамат тұрғын жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілген. «Отбасы банк» арқылы 2 және 5 пайыз жылдық мөлшерлемемен 5 мыңнан аса адамға қарыз берілген.
«Отбасы банктің» биыл іске қосылған «Наурыз» бағдарламасы арқылы 1888 азамат жеңілдетілген қарыз алған. Жалдамалы пәтер төлемін субсидия бөлу бойынша 10 мыңға жуық азаматтың пәтер құнының тең жартысын мемлекет төлеп отыр. Биыл 22 мыңнан астам арендалық тұрғын үй сатып алынады. Оның бәрі кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Заң жобасы Сенатта қаралып жатыр. Құжатта басты назар аударатын дүние – сатып алу құқығынсыз берілген жалға берілген баспананы жекешелендіруге мүмкіндік беру. Заң қабылданғаннан кейін сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлер азаматтардың жекеменшігіне өткізе алады. Сатып алуға қаржылық мүмкіндігі болмаса, сатып алмай, тұра берсе болады, - дейді құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы.
Маманның сөзінше, жалға берілетін пәтерлердің сапасына қатысты азаматтардан шағым түседі. 2023 жылға дейін әкімдіктерге тұрғын үй салу жүктелсе, былтырдан бері әкімдіктерге дайын үйді сатып алу құқығы берілді.
Қабылданған концепцияға сәйкес, жалға беру үшін сатып алынатын баспаналардың 40 пайызы аудан, ауылдық жерлерде болуы қажет. Қазір көп аудан, аудан орталығы, ауылдарда 2 пәтерлі үйлер салынды. Мұндай жұмыстарды әкімдіктер жүргізіп жатыр, - дейді Пазылбекұлы.
Айта кетейік, бұған дейін «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова 2024 жылдың соңына дейін әкімдіктердің жалға берілетін баспана үшін 17 мыңға тарта пәтер сатып алуды жоспарлап отырғанын айтты.