«50%-ын мемлекет төлесін». Сенатор әскерилерге бірқатар әлеуметтік жеңілдік беруді ұсынды
Әлемдегі геосаяси жағдай күрделі
Елімізде қарулы күштердің беделін көтеру үшін әскерилерге бірқатар әлеуметтік жеңілдік берілуі керек. Бұл туралы сенатор Андрей Лукин айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
Салаға жүргізілген талдау барысында қарулы күштерде шұғыл, түбегейлі шаралар жүргізуді талап ететін шешілмеген мәселелер бары анықталды, - деді Андрей Лукин.
Депутат әскери қызметшілерге төмендегідей әлеуметтік жеңілдіктер беруді ұсынды:
- Қоғамдық көліктерде тегін жол жүру;
- Арнайы (полевые) төлемдер енгізу;
- Коммуналдық қызметтердің 50%-ын (мемлекет есебінен) төлеу;
Сенатор «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы туралы» заңдардағы әскерилерге әлеуметтік жеңілдіктер беретін нормалар алынып тасталғанын атап өтті.
Сондықтан Үкімет әлемдегі геосаяси жағдайдың күрделі екенін ескеріп, әскерилерге берілетін әлеуметтік жеңілдікті қайта енгізу мәселесін пысықтауы керек.
Бірінші кезеңде коммуналдық қызметтерді өтеуге төлемдер бойынша бұрын жойылған жеңілдіктерді қалпына келтіру, сондай-ақ теміржол және қоғамдық көлікпен (қалалық, қала маңындағы және жергілікті қатынастар) демалысқа және кері қайтуға тегін жол жүру мәселесін қарастыру шарт.
Екінші кезеңде арнайы (полевые) төлемдер бойынша мәселені шешу (тәуліктік төлемнің 50%-ын өтеу) қажет. Бұл мәселелерді шешу үшін «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет, - деді депутат.
Андрей Лукин бұл өзгерістер қорғаныс саласының беделін артыруға септігін тигізетінін атап өтті.