Halyq Uni логотип
×

Ұлттық биотехнология орталығында қызыл кітапқа енген жидектер өсіріліп жатыр

Онда қызыл кітапқа енген жеміс-жидектер мен өсімдік түрлері өсіп жатыр

 Ербол Тұрымбет 13.09.2024 | 14:28
Ұлттық биотехнология орталығында қызыл кітапқа енген жидектер өсіріліп жатыр
Фото: Halyq Uni

Ұлттық биотехнология орталығында қазіргі сәтте жойылып бара жатқан, қызыл кітапқа енгізілген жеміс-жидектер, өсімдіктердің жабайы және медицинаға пайдаланылатын түрлері бар – барлығы 30-дан астам өсімдік түрі инвитро жағдайында өсіріліп жатыр. Олар зертхана жағдайында көбейтіліп, әрі қарай ботаникалық бақтарға енгізіледі. Орталық Halyq Uni тілшісін зертханасында өсіріп жатқан сол өсімдік тұқымдарымен таныстырды.

Биотехнология және өсімдіктер селекциясы зертханасының меңгерушісі Алмагүл Кәкімжанованың айтуынша, мұнда өсімдіктің сабағындағы апексін алып, залалсыздандырып, аурулардан арылтып, лайықты ортасын таңдап өсірумен айналысады. Ол өсімдіктердің қоректік ортасында макро, микроэлементтер, дәрумендер, гормондар бар.

Солардың арқасында апекс инвитро жағдайында өсіріліп, одан өскін алынып тұрады. Мұның бәрі стирильді жағдайда өтеді.

Зертхананың мақсаты – Қазақстандағы жақсы өсімдіктерді сақтап қалу әрі көбейту. Сол мақсатпен зертханамызда 30-дан аса түрі өсіріліп жатыр. Олардың үстіне арнайы флюрошамдар қойылған. Олар қызыл, сары, ақ түске боялып, жақсы өсуіне жағдай туғызып отырады. Соның әсерінен фотосинтез процесі жүріп тұрады. Өскіндердің ішінде жойылып бара жатқан, қызыл кітапқа енгізілген жеміс-жидектер, өсімдіктердің жабайы түрлері, медицинаға пайдаланылатын түрлері бар. Оларды өсіріп, жетілдіріп, ботаникалық саябақтарға, ұлттық парктерге беріп, енгізіп жатырмыз, – дейді Алмагүл Әбсаламқызы.

Зертхана меңгерушісінің сөзінше, оларды өсіру үшін алдымен технологиясы әзірленеді. Технологиясын жасау үшін әлемде қандай ғалымдар қандай жұмыс істеп жатқаны зерделенеді. Оның қасында өз тәжірибелері де жетерлік. Соларға сүйеніп, сол өсімдіктерден нәтиже алу үшін көп зерттеу жүргізіледі. Түрлі орта, түрлі гормон, топырақ таңдап, қайсында өсетіні анықталады.

Сосын оған молекулярлы идентификация жасап, шығып келе жатқан өсімдіктің біз ойлаған түрі екенін немесе басқа түріне өзгеріп кеткенін бақылаймыз. Яғни, біздің мақсатымыз, табиғатта өсіп жатқан өсімдікті сол қалпында сақтау. Сондықтан осы инвитро жағдайында өскен өсімдікті табиғи түрінің молекулярлы маркерімен салыстырамыз. Өзгерісі болмаса ғана ары қарай көбейтеміз, – дейді маман.

Айта кетерлігі, бүгінде зертханада алманың «малюсь сиверси» және «малюсь недведскиана» деген екі түрі ортамерзімді криоконсервацияға сақталып, шығарылып жатыр. «Малюсь сиверси» бүкіл алманың атасы саналады. Мәселен, алманың жаңа түрін алу үшін сол «сиверси» тұқымымен будандастырылады. Одан шыққан тұқым ауа райының құбылмалылығы мен ауруларға төзімді болып келеді. «Малюсь недведскиана» осындай әдіспен шыққан тұқым. Оның ерекшелігі, жапырағы қызғылт, гүлдегенде әдемі қызғылттанып, адамға ерекше әсер сыйлайды. Тіпті, Алмагүл Әбсаламқызы сакураның гүлденуінен кем түспейтінін айтады. Бүгінде бұл тұқымдар Астанадағы ботаникалық саябақта, дендропарктерде өсіп жатыр.

Ал мына суреттегі бидай сабақтары осы зертханада қазақстандық ғалымдардың зерттеуімен өсірілген бидайдың жаңа сорттары саналады. 

Тағы бір ерекше атап өтерлік өсімдік – «Жимолость Алтайская» деп аталады. Мәселен, мына өскін жақында ғана стирильді банкіден шығарылып, топыраққа салынған. Сөйтіп, оның бірнеше түбі Алтай ботаникалық бағына (ШҚО) апарып отырғызылған.

Ол қою көк түсті, жидектің бір түрі. Оның ерекшелігі, антиоксидант құрамы бар, аруларға қарсы қасиеті және бар, яғни оны ішкен адамның бойынан зиянды микроб-вирустарды шығарады. Бұл тұқым бойынша Ұлттық биотехнология орталығы Маңғышлақ, Алтай ботаникалық бақтарымен жұмыс істеп жатыр. Ол инвитро жағдайында көбейтіліп, сол бақтарға енгізілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама