«Гарант 24 Ломбард» пирамидасына қатысты айыпталушылар үйқамаққа алынды

Қанат Атаманов

Сот барлығы 17 мың 268 жәбірленушіден жауап алуы керек

фото: kaz.tengrinews.kz

Былтырғы маусым айында Ақтөбеде «Гарант 24 Ломбард», «Выгодный займ» және басқа да қаржы пирамидаларының айыпталушыларына қатысты сот басталған болатын.

«Диапазон» басылымының мәліметінше, қылмыстық іс 3786 томнан тұрады. Сот барлығы 17 мың 268 жәбірленушіден жауап алуы керек. Сотталушылар саны - 48 адам. Олардың 31-іне бұлтартпау шарасы тағайындалған. Бірақ ҚІЖК нормалары бойынша, сот бұл бұлтартпау шарасын бір жылдан астам уақытқа ұзарта алмайды.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, 9 маусымда сот 31 айыпталушыға қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасын үйқамаққа алуға өзгерту туралы қаулы қабылдаған. Басқа облыстардан келген айыпталушылар үйлеріне кете алмайды. Олар сотқа қатысуы үшін Ақтөбеде үйқамақта болады. Уақытша баспананы үкімге дейін Ақтөбе облысының әкімдігі қамтамасыз етуі тиіс.

Еске салсақ, 2020 жылғы ақпанда Ақтөбе қаласында бірқатар компанияның кеңселерінде ауқымды тінту жүргізілген болатын.